Аймақтар • Кеше

Катонқарағай ауданында  жаңадан асфальт-бетон зауыты бой көтерді

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Катонқарағай ауданының бірқатар ауылдарына асфальт төселіп, тұрғындардың барыс-келісі едәуір жеңілдеген. Алайда, Катонқарағай ауылында бұрыннан бері жұмыс істеп келе жатқан асфальт-бетон зауытының өндіріс қуаты мен көлемі аздық етіп отыр. Сондықтан, «Өскемен-Тазалық» ЖШС басшылығы жаңа асфальт-бетон зауытының құрылысын бастап кетті. Айта кетейік, «Өскемен-Тазалық» ЖШС Барлық пен Ақсу, Берел мен Аршатының арасындағы жолға асфальт төсеуді де қолға алып отыр.

Катонқарағай ауданында  жаңадан асфальт-бетон зауыты бой көтерді

– Біздің мекеме коммуналдық қызмет көрсетумен қатар, жол құрылысымен де айналысады. Былтыр біраз шаруаны аяқтай алмадық, биыл соның есесін қайтару үшін асфаль-бетон зауытын салуды қолға алдық. Ауданымыз жаңадан дамып келе жатқандықтан, мұндағы жол мәселесін біржақты шешіп алуымыз қажет. Асфальт-бетон зауытын Шыңғыстайдың маңында салып жатырмыз. Өйткені, бұл ауыл ауданның дәл ортасында тұр екен. Зауыт салынатын жер телімін аукцион арқылы сатып алып, өзімізге рәсімдедік. Электр желілерін тарту үшін техникалық рұқсатын алдық, өндіріске қажетті материалдарды тасымалдап отыру үшін белгіленген карьердің жерін рәсімдедік, – дейді Айдос Байғонысов.

Асфальт зауытының аумағы екі гектар жерді алып жатыр. Мердігердің айтуынша, зауыттың қажетті материалдары мен құрылғылары Қытайдан жеткізілген. Құрылысқа бүгінде 280 млн теңгеге жуық қаражат жұмсалған. А.Байғонысовтың айтуынша, зауыттың құрылысы аяқталғанша әлі де біршама қаржы қажет. 

– Зауыт құрылысында 10-15 адам жұмыс істеп жатыр. Жаңа Үлгі, Катонқарағай, Шыңғыстай, Өрелдің тұрғындарын жұмысқа алдық. Жалақылары келісім бойынша төленеді, – дейді компания басшысы.

Құрылыс алаңындағы жұмысқа экскаватор, жүк тиегіш, кран, 2 жүк тасымалдаушы техникалары жұмылдырылған. Қазіргі кезде құрылыстың 80 пайызы аяқталды.

Зауыт іске қосылғанда мұнда сағатына 60-80 тоннаға дейін асфальт өндіріледі. Материалдар Қытайдан алынғандықтан, олар бізге үш маусымға дейін кепілдік беріп отыр. Зауытты тұрғызған соң осында арнайы қытайлық маман келіп, жұмыстың қыр-сыры туралы толықтай көмек береді.

Зауыт құрылысы аяқталысымен, мұнда жұмысқа тұрақты түрде 10 адам  қабылданады. Олармен арнайы келісімшарт жасалады.

Шығыс Қазақстан облысы